Жарияланған күні:

Абдрасулов Ермек Баяхметұлы – халықаралық «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының түлегі

Абдрасулов Ермек Баяхметұлы – халықаралық «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының түлегі, заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры.

Халықаралық «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы аясында профессор Е.Б. Абдрасулов Германия Федеративтік Республикасында, Оснабрюк қаласындағы Оснабрюк университетінің жанындағы Еуропалық құқықтық зерттеулер институтында ғылыми тағылымдамадан өтті. Бұл университет Еуропадағы жетекші ғылыми орталықтардың бірі болып саналады, ал оның заң факультеті Германияның ең үздік бес құқық мектебінің қатарына кіреді.

Тағылымдама барысында профессор Е.Б. Абдрасулов неміс ғалымы, профессор Томас Гросспен бірлесіп, Қазақстан мен Германиядағы сот билігінің тәуелсіздігін салыстырмалы-құқықтық тұрғыдан зерттеу жұмысын жүргізді. Бірлескен ғылыми еңбектің нәтижесінде аталған тақырыпқа арналған монография дайындалып, орыс және неміс тілдерінде жарық көрді.

Ғалым тағылымдама кезеңінде Германияның сот органдарында – учаскелік аудандық сотта, жергілікті сотта және сот академиясында аналитикалық әрі тәжірибелік зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу барысында сот жүйесінің ұйымдастырылуы, судьяларды даярлау жүйесі және құқық пәндерін оқыту әдістемесі терең зерделенді.

Еуропаның жетекші университеттерінің бірі саналатын бұл жоғары оқу орнындағы құқықтық білім беру жүйесімен, ғылыми байланыстар құрылымымен және оқыту әдістемесімен танысу профессордың өзінің ғылыми және педагогикалық көзқарастарын жетілдіруге зор ықпал етті.

Ғалымның ойынша, халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлық – қазіргі құқық ғылымының дамуының негізгі бағыттарының бірі. Бұл үдерістер ғылымның шекарасыз сипатын айқындай отырып, ортақ зерттеулер жүргізуге кең мүмкіндік ашады.

Ермек Абдрасулов Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметіне және халықаралық «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасын ұйымдастырушыларға кәсіби әрі ғылыми тұрғыда өсуге мүмкіндік бергені және халықаралық академиялық әріптестікті нығайтуға қолдау көрсеткені үшін өз алғысын білдірді.