Жарияланған күні:
Айжан Раушанова – «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының түлегі, PhD, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина» кафедрасының қауымдастырылған профессоры. John G. Rangos School of Health Sciences, Duquesne University (Питтсбург, АҚШ) Эпидемиология, медициналық зерттеулер бағыты бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті.
Тағылымдаманың мақсаты қазіргі заманғы құралдарды: ақпараттық технологияларды, биостатистикалық әдістерді, халықаралық дереккөздерді және ғылыми дерекқорларды пайдалана отырып, жұқпалы емес ауруларды (ЖЕА) эпидемиологиялық талдау үшін модель құру болды.
Тағылымдама аясында Айжан Рауашанова профилактикалық медицина саласындағы халықаралық тәжірибені, әсіресе жұқпалы емес аурулармен (ЖЕА) күрес бойынша шетелдік стратегияларды зерделеді.
Тағылымдама барысында негізгі құзыреттерді меңгеруді растайтын халықаралық сертификаттар алынды. Сонымен қатар, ғылыми мақалалар дайындалып, жариялауға жолданды.
Маңызды нәтижелердің бірі Duquesne University оқытушыларымен бірлесіп құрылған «Decolonization Resilience» ұжымдық кітабын жазуға қатысу болды.
Тағылымдама аяқталғаннан кейін Айжан Раушанова ғылыми жоба әзірлеп, Horizon Europe (EU4Health Programme) байқауына халықаралық гранттық өтінім дайындады. Жоба медицина қызметкерлерінің психикалық саулығын қолдаудың цифрлық бағдарламаларын құру, стресс жағдайында медициналық көмектің сапасын арттыру үшін жасанды интеллектті пайдаланады.
Айжан Раушанова университеттің академиялық өміріне белсенді қатысып, бірқатар конференциялар мен симпозиумдарда баяндамалар мен постерлер дайындап, сөз сөйледі.
«Duquesne University-дегі тағылымдама менің кәсіби және ғылыми дамуымның маңызды кезеңі болды, Халықаралық ынтымақтастық, ғылыми жарияланымдарды дайындау және Қазақстанда және одан тыс жерлерде қоғамдық денсаулық сақтауды жақсартуға бағытталған зерттеу жобаларын іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашты», - деп атап өтті түлек.


