Жарияланған күні:
Бүгін Академия мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжатқа Академия ректоры Ерлан Әбіл мен Халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма төрағасы Әділ Құсманов қол қойды.
Меморандум аясындағы әріптестік мемлекеттік басқару саласында жоғары білікті кадрларды даярлауға, сондай-ақ білім беру бастамалары мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын одан әрі дамытуға бағытталған. Шара аясында магистранттар, докторанттар және Академия қызметкерлері Халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма төрағасы Әділ Құсмановпен кездесті. Кездесу барысында «Болашақ» бағдарламасындағы жаңашылдықтар мен кәсіби тағылымдамалар, ғылыми тағылымдамалар туралы айтып, бағдарламаның болашақтағы дамуы туралы стратегиялық көзқарасымен бөлісті.
«Болашақ» бағдарламасының маңызды өзгерістердің бірі - «мемлекеттік қызметшілер» санатының енгізілуі болды. Енді мемлекеттік қызметшілер магистратура бағдарламасы бойынша білім алу үшін конкурстық іріктеуге қатысып, тілдік курстардан өту мүмкіндігіне ие болды. Оқу аяқталғаннан кейін олар міндетті түрде тек мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі тиіс. Бұл жаңашылдық - мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Академия білім алушылары халықаралық бағдарламаларға қатысты сұрақтарына жауап алды.







