Жарияланған күні:
Азамат Дүйсембаев – халықаралық «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының түлегі, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Маркетинг және рекрутинг басқармасының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.
2024–2025 жылдары ол АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Джордж Вашингтон университетінде «Білім берудегі менеджмент» мамандығы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті. Осы кезеңде Азамат Алдашұлы «Жоғары білімдегі корпоративтік басқару: қазіргі жағдайы мен болашағы» тақырыбында зерттеу жүргізіп, АҚШ жоғары оқу орындарындағы корпоративтік басқару тәжірибесін талдады.
Тағылымдама барысында Academic Writing, Quantitative Methods және Qualitative Methods курстарын сәтті аяқтап, кәсіби құзыреттілігін арттырды. Сонымен қатар ол білім, экономика және инновация саласындағы халықаралық конференциялар мен форумдарға қатысып, америкалық және қазақстандық сарапшылармен тәжірибе алмасты.
Азамат Дүйсембаев ғылыми ізденістермен қатар қоғамдық-мәдени шараларға да белсенді араласты. Ол Вашингтондағы Қазақ-Американ қауымдастығы және Солтүстік Америкадағы Қазақстан мәдени-іскерлік қауымдастығымен байланыс орнатып, қазақ диаспорасы ұйымдастырған іс-шараларға атсалысты.
Тағылымдама кезінде жазушы Мұхтар Мағауиннің «Алтын Орда» кітабының тұсаукесеріне қатысып, қаламгерді ақтық сапарға шығару рәсіміне куә болды. Сондай-ақ Мериленд штатындағы Silver Spring қаласында орналасқан жазушының үйі «Мағауин орталығы» ретінде ашылған сәтке де қатысты.
Академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығына орай Азамат Дүйсембаевтың бастамасымен Джордж Вашингтон университетінің Бизнес мектебінде «Buketov’s Day in Washington» атты ғылыми-танымдық шара өтті. Сонымен қатар ол Е. Бөкетовтің 100 жылдығы мен Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына арналған спорттық-мәдени іс-шараны ұйымдастырып, оған тікелей жетекшілік етті.
Қазіргі уақытта Азамат Алдашұлы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің экономика факультетінде қауымдастырылған профессор ретінде кәсіпкерлік және маркетинг бағытында дәріс оқиды. 25 жылдық педагогикалық тәжірибесінде ол 5 оқулықтың, 5 монографияның, 4 электронды оқу құралының және 100-ден астам ғылыми мақаланың авторы атанған. Сондай-ақ 100-ден астам бакалавр мен 10-нан астам магистранттың ғылыми жетекшісі болды.