Жарияланған күні:

Қазақстан мен Бельгия: «Болашақ» және Ghent University арқылы академиялық мобильділікті дамыту

Халықаралық бағдарламалар орталығында Еуропаның ең ірі әрі жетекші зерттеу университеттерінің бірі – Ghent University ректоры Prof. Petra De Sutter бастаған делегация және Қазақстандағы Бельгия Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Erik De Maeyer қатысуымен ресми кездесу өтті.

Шараға ҚР ҒЖБМ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Серік Калкаманов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Құсманов, Басқарма төрағасының орынбасары Абай Рахмет, Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Әсел Садық, сондай-ақ Ghent University-дің жетекші ғалымдары мен әкімшілік бөлімше өкілдері қатысты. Делегация құрамында жасанды интеллект, биоинженерия, инженерлік ғылымдар, статистика, геоақпараттық технологиялар және халықаралық зерттеулер саласындағы тәжірибелі мамандар болды.

Кездесу барысында Ғылым және жоғары білім министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Серік Калкаманов жоғары білім саласындағы халықаралық саясаттың негізгі бағыттарын таныстырып, академиялық ұтқырлықты кеңейту, шетелдік кампустар ашу және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында Әділ Құсманов қатысушыларға Орталықтың негізгі – «Болашақ» халықаралық стипендиясы және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасын таныстырды. Сонымен қатар, ол Ghent University «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның Бельгиядағы негізгі серіктес университеттерінің бірі екенін және аталған университет екі бағдарлама бойынша да ұсынылған ұйымдар тізіміне кіретінін атап өтті.

Ghent University өкілдері университеттің ғылыми-зерттеу бағыттары, инфрақұрылымы және трансдисциплинарлық жобалардың әлеуетін Sustainable AI мен үлкен деректерді талдаудан бастап биоинженерия, материалтану және смарт-мобильдік шешімдерге дейін таныстырды. Prof. Michael Ruzhansky (Ғылым факультеті, математика кафедрасы) қазақстандық «Болашақ» стипендиаттарымен жұмыс тәжірибесін баяндап, ғылыми ынтымақтастықты одан әрі кеңейту әлеуетін атап көрсетті.

Сонымен қатар тараптар 2023 жылы қол қойылған және 2027 жылға дейінгі мерзімге әрекет ететін ынтымақтастық Меморандумын жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Меморандумға сәйкес, Ghent University магистратура және PhD бағдарламалары бойынша студент саны кемінде бес адам болған жағдайда оқу ақысына 50% жеңілдік ұсынады – магистратурада екі жылға, докторантурада төрт жылға.

Кездесудің қорытындысында тараптар академиялық және ғылыми алмасуды дамытуға, бірлескен жобаларды іске қосуға және қазақстандық студенттер мен зерттеушілердің Ghent University бағдарламаларына қатысуын кеңейтуге ниет білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін аталмыш делегация өкілдерімен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кездесіп, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру перспективаларын талқылады.

1.jpg

2.jpg