Жарияланған күні:

«Bolashaq» қауымдастығы «Welcome Home» жобасының аясында кездесу өткізді

«Bolashaq» қауымдастығы ұйымдастырған «Welcome Home» жобасы жас мамандар мен тәжірибелі түлектерді біріктіретін ерекше алаң болды. Кездесудің басты мақсаты – жаңадан «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасын тәмамдаған стипендиаттардың әлеуетін ашу және олардың идеяларын еліміздің дамуына тиімді бағыттау.

Іс-шараға «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Құсманов, Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов, MNU-дің Бизнес мектебі деканы Әсел Әбілдаева, HR Qoldau Басқарушы Компаниясының өкілі Әсел Құсайынова, Samga Petroleum бас атқарушы директоры, «Bolashaq» Қауымдастығы Төрағасы Жәнібек Катрен және бірқатар «Болашақ» түлектері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа жобаларды іске асыру жолдарын талқылады. Жас мамандар мен түлектер ғылыми-зерттеу бағыттары бойынша стратегиялық сессиялар ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен қатар Халықаралық бағдарламалар орталығы мен қауымдастық арасындағы жұмыс байланысын нығайту, стипендиаттардың оқу мен жұмыс міндеттерін тиімді үйлестіру және олардың еңбек нарығына бейімделуін қолдау мәселелері қозғалды.

Әділ Құсманов қатысушыларға арналған ойымен ерекше әсер қалдырды. «Болашақ – тек білім емес, бұл мәдениет, байланыстар және нетворкинг. Біз жас мамандардың әлеуетін дамытып, жаңа бастамаларды қолдауға, еліміздің игілігіне бағытталған жобаларды іске асыруға әрқашан дайынбыз. «Болашақ» бағдарламасы жаңа «Болашаққа көпір» жобасын іске қосты: ол шетелде алынған білімді Қазақстан еңбек нарығының нақты сұраныстарымен ұштастырады. Енді стипендиаттар оқу кезінде отандық компаниялардың нақты зерттеу және өндірістік тапсырмаларын орындай алады. Бұл тәсіл жұмыс берушілерге білікті кадрларды алдын ала іріктеуге, ал түлектерге елге оралған соң кәсіби жолын сенімді бастауға мүмкіндік береді» – деді Әділ Құсманов.

Сондай-ақ жиында Басқарма төрағасы бұған дейін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ шетелдегі стипендиаттардың нақты шығындарын бағалауға бағытталған зерттеу жүргізгендігі туралы айтты. Талдау нәтижелері бойынша түрлі елдердегі қазіргі әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайларын ескеретін арнайы әдістеме әзірленді. Нәтижесінде зерттеу қорытындысы шетелдегі өмір сүру мен тамақтанудың қолайлы деңгейін қамтамасыз ету және стипендияның сатып алу қабілетін сақтау үшін нақты елге байланысты белгіленетін нормативтерді орта есеппен 28%-ға арттыру қажеттігін көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, 2001 жылы стипендия иелері «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерінің қауымдастығын құрды. Бүгінде ұйымның негізгі қозғаушы күші – еліміздің прогрессивті және перспективалы жас мамандары. Қауымдастықтың басты миссиясы – «Болашақ» бағдарламасының түлектерінің кәсіби және шығармашылық әлеуетін еліміздің игілігіне пайдалану.

Айта кетейік, кездесу соңында «Welcome Home» жобасының жетекшісі әрі модератор Даурен Аубакиров 5 желтоқсанда «Bolashaq» Қауымдастығының Кеңес мүшелерін сайлау өтетіндігін хабарлады. Бұл – қауымдастықтың дамуына үлес қосатын, стратегиялық бастамаларды қолдап, жаңа идея ұсынатын көшбасшыларды анықтайтын маңызды кезең болмақ.