Жарияланған күні:
30 сәуірде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ кеңсесінде Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі әрі беделді Russell Group тобының мүшесі Cardiff University басшылығымен кездесу өтті. Қазақстандық студенттер мен зерттеушілер үшін ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыру және сапасын арттыру мәселелеріне басты назар аударылды.
Cardiff University академиялық стандарттардың жоғары деңгейімен және маңызды ғылыми жетістіктерімен танымал. Университет өнер, гуманитарлық ғылымдар, инженерия, денсаулық сақтау, жаратылыстану және техникалық ғылымдар сияқты салаларда оқыту мен зерттеу бағдарламаларын ұсынады.
Кездесу шеңберінде тараптар тағылымдамадан өтетін үміткерлерге қойылатын талаптарды, өтінім беру кезеңдері мен іріктеу рәсімдерін егжей-тегжей талқылады. Ғылыми тағылымдамалар үшін басым бағыттар – медицина, жасанды интеллект, инженерия және басқа да STEM-пәндер болып белгіленді. Cardiff University өкілдері Қазақстаннан, әсіресе, инженерия, құрылыс, ЖИ және денсаулық сақтау салалары бойынша тағылымдамадан өтушілерді көбірек қабылдауға дайын екендіктерін білдірді.
ХБО Басқарма төрағасы Адиль Кусманов Орталықтың тағылымдамадан өтушілерді даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталғанын, мұнда қабылдаушы ғылыми жетекшілердің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Академиялық тәлімгерліктің сапасына, зерттеу тақырыптарының өзектілігіне және тағылымдамалардың елдің стратегиялық басымдықтарына сәйкестігіне ерекше назар аударылады.
Кездесу халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейту және ғылыми тағылымдамалар аясында зерттеушілер үшін мүмкіндіктерді арттыру жолындағы маңызды қадам болды.