Жарияланған күні:
Бүгін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ақпараттық брифинг өткізіп, «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының жаңартылған мүмкіндіктерін таныстырды.
Кездесуге Орталықтың Құжат қабылдауды ұйымдастыру басқармасының бас менеджері Ақбота Стаева қатысып, бағдарламалардағы жаңа бағыттар мен талаптар туралы баяндама жасады. Ол қазіргі таңда халықаралық білім беру тек жеке мансап үшін емес, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырудың басты құралы екенін атап өтті.
«Бүгінгі «Болашақ» стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы – тек шетелдік білім мен тәжірибе алу мүмкіндігі емес, ұлттық ғылыми әлеуетті жаңғыртудың қуатты құралы. Біз енді оқуға кеткен әрбір стипендиат пен тағылымдамадан оралған әрбір зерттеушіні елдің интеллектуалды капиталының тасымалдаушысы ретінде көреміз. Басты мақсат – халықаралық білім мен зерттеу тәжірибесін Қазақстанның аймақтық университеттеріне, зерттеу институттарына және өндіріс алаңдарына тарату. Бұл – жаңа сападағы ғылыми қоғамдастық қалыптастырудың жолы», - деді Ақбота Стаева.
Бұл ой білім беру саясатының жаңа парадигмасын айқын көрсетеді: басты мақсат – халықаралық тәжірибені ел ішінде жүйелі қолдану арқылы өңірлік дамуға серпін беру.
Кездесуге қатысқан ғалымдар бағдарламаның мазмұны, тағылымдамалар тізімі, құжат тапсыру үдерісі туралы өзекті ақпарат алды. Ашық диалог алаңында жасалған пікір алмасу болашақ мамандардың кәсіби бағдарын айқындауға жол ашты.
Университет өкілдері мұндай шаралардың практикалық және тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті. Олардың айтуынша, ақпараттық брифингтер ел жастарының ғылыми және академиялық белсенділігін арттырумен қатар, аймақтардағы жоғары білім сапасын теңестіруге ықпал етуде.
Айта кетейік, мұндай кездесулер бұған дейін Алматы және Ақтөбе қаласындағы жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда өткен. Сондай-ақ, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» қазір онлайн форматтағы ақпараттық кездесулерді жиі өткізіп, шалғай өңірлердегі зерттеуші ғалымдарға да тең мүмкіндік беріп отыр.
Білім саласындағы осындай жүйелі қадамдар Қазақстанның зияткерлік дербестігін нығайтып, әлемдік білім кеңістігінде өз орнын айқындай түсуге жол ашады. Өйткені, ел дамуының басты капиталы – табиғи емес, зияткерлік ресурста.