Жарияланған күні:

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫ ЕЛІМІЗДІҢ БАТЫС ӨҢІРІНДЕ АҚПАРАТТЫҚ БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

2025 жылғы 7 қазан күні «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ өкілдері еліміздің батыс өңірінде халықаралық «Болашақ» стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламаларының мүмкіндіктеріне арналған ақпараттық брифинг өткізді.

Брифинг Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде ұйымдастырылды.

Кездесуге «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Абай Рахмет пен Құжат қабылдауды ұйымдастыру басқармасының басшысы Дина Омарова қатысып, бағдарламалардың мазмұны мен жаңа тетіктері туралы кеңінен баяндады. Абай Рахмет өз сөзінде халықаралық тағылымдамалар ғылым мен инновацияны тоғыстыратын маңызды алаң екенін атап өтті.

«Ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы – қазақстандық ғалымдарға әлемдік зерттеу орталықтарында тәжірибе жинақтап, жаңа ғылыми бағыттарды меңгеруге мүмкіндік беретін тиімді құрал. Бұл бастама еліміздің ғылыми мектебін нығайтып, жас зерттеушілердің әлеуетін ашуға жол ашады», - деді ол.

Ал Дина Омарова биылғы жылы «Болашақ» бағдарламасы аясындағы үміткерлерді іріктеу рәсіміне енгізілген жаңашылдықтарға тоқталды.

Оның айтуынша, жаңа конкурс механизмі әр кезеңнің нәтижесін объективті бағалауға және ең дайын кандидаттарды іріктеуге бағытталған.

«Жаңартылған жүйе іріктеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Әр кезеңнің нәтижесі ашық түрде бағаланып, талапкерлердің өз мүмкіндігін нақты бағамдауына жағдай жасалады. Мұндай тәсіл кәсіби деңгейі жоғары жаңа буын мамандарды қалыптастыруға ықпал етеді», - деп атап өтті ол.

Брифинг барысында қатысушылар бағдарламалар туралы өзекті ақпарат алып, мамандармен ашық пікір алмасты. Университет өкілдері бұл кездесудің практикалық маңыздылығын атап өтіп, академиялық және кәсіби ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін білдірді.

Айта кетейік, мұндай ақпараттық кездесулер бұған дейін Алматы өңіріндегі жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда өткен.

Сонымен қатар, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» мұндай шараларды онлайн форматта да өткізуді жалғастыруда.