Жарияланған күні:

«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫ» АҚ МЕН ШАНХАЙ ЦЗЯОТУН УНИВЕРСИТЕТІ АРАСЫНДА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ пен Шанхай Цзяотун университеті өзара түсіністік меморандумына қол қойды. Бұл білім беру мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ жаңа академиялық серіктестік мүмкіндіктерін ашуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Меморандум рәсімінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Кусманов қатысушыларға Орталықтың негізгі қызмет бағыттарын, сондай-ақ «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламаларындағы соңғы өзгерістер мен жаңашылдықтарды таныстырды. Сонымен қатар, ол меморандумның мақсаттары мен оны іске асырудың негізгі тетіктерін түсіндіріп өтті.

Кездесу барысында сөз алған Шанхай Цзяотун университетінің вице-президенті Чжан Чжаого, университеттің академиялық көрсеткіштері, білім беру бағдарламалары мен ғылыми әлеуеті туралы жан-жақты баяндап, Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру және ғылыми ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Ол университеттің академиялық серіктестікті кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.

Қостарапты келісімдер аясында атом энергетикасы мен аралас салаларға арналған жоғары білікті мамандарды даярлауға ерекше назар аударылды. 2026 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы аясында магистратура, докторантура және тағылымдама бағыттары бойынша бөлек категория ашу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде аталмыш салаға халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аталған бастамаларды жүзеге асыруда жетекші шетелдік білім беру және ғылыми орталықтар қатысады. Сәйкесінше Шанхай Цзяотун университеті «Болашақ» бағдарламасына қатысуға ұсынылған шетелдік оқу орындарының тізіміне енгізілген, сондай-ақ «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша ғылыми ұйымдар мен университеттердің 2025 жылғы тізімінде көрсетілген.

Меморандумға қол қою – білім беру саласындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ ғылыми-технологиялық дамуға үлес қосатын жоғары білікті мамандарды даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам болып отыр.

1.jpg

3.jpg

2.jpg

4.jpg