Жарияланған күні:

Халықаралық бағдарламалар орталығы Murdoch University Dubai-мен ынтымақтастық аясын кеңейтеді

Халықаралық бағдарламалар орталығында Murdoch University Dubai атқарушы директоры әрі Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка (MENA) өңірі бойынша стратегиялық әріптестік директоры Dr. Mohamed Bamatraf-пен кездесу өтті.

Кездесуге ҚР ҒЖБМ Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Серік Калкаманов, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әділ Құсманов, Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы – ректор Думан Орынбеков пен Басқарма мүшесі – интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректор Ерасыл Дулатбай қатысты.

Murdoch University Dubai – Австралияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі саналатын Murdoch University-дің халықаралық филиалы. Университет аймақтағы білім беру және зерттеу бағытындағы интеграциялық үдерістерге белсенді қатысатын беделді жоғары оқу орны.

Кездесу барысында Басқарма төрағасы Әділ Құсманов орталықтың негізгі қызмет бағытын, халықаралық серіктестік тетіктерін, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бастамаларды таныстырды. Ол өз сөзінде: «Murdoch University Dubai-пен ынтымақтастық Қазақстан мен Австралия арасындағы білім және ғылыми зерттеу саласындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз бірлескен жобаларды жүзеге асыра отырып, отандық университеттер мен шетелдік жоғары оқу орындары және Орталықтың үшжақты ынтымақтастығын арттыра түсетіндігімізге сеніміміз мол», - деді.

Тараптар ықтимал ынтымақтастықтың бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, академиялық мобильдікті дамыту және жоғары білім беру саласындағы стратегиялық серіктестікті кеңейту сынды негізгі бағыттарын талқылады.

Кездесу нәтижесінде тараптар өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделілік танытып, болашақта жүзеге асырылатын бірлескен бастамалар бойынша келісімдерге келді.