Жарияланған күні:
2025 жылғы 30 сәуірде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Адиль Кусманов Tempus Foundation мажарстандық ұйымының өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. Талқылауға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің өкілі Әсел Бөлекбаева да қатысты.
Тараптар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Мажарстан Республикасы Адами ресурстар министрлігі арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберіндегі қазіргі өзара іс-қимылды талқылады.
Tempus Foundation – халықаралық білім беру ынтымақтастығын, оның ішінде Stipendium Hungaricum бағдарламасы шеңберінде жүзеге асыратын Мажарстанның мемлекеттік ұйымы. Халықаралық бағдарламалар орталығы Қазақстан жағынан оператор бола отырып, жыл сайын Мажарстан тарапынан берілетін 250 үкіметаралық грантқа Қазақстан Республикасының азаматтарынан құжат қабылдауды және конкурстық іріктеуді ұйымдастырады. Грант тағайындау туралы түпкілікті шешімді Tempus Foundation мажар университеттерімен бірлесіп қабылдайды.
Кездесу барысында қазақстандық студенттерді Мажарстанның жоғары оқу орындарына іріктеу мен қабылдаудың барлық кезеңдерін оңтайландыру үшін тараптар арасында уақтылы және ашық ақпарат алмасудың маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ, Tempus Foundation Мажарстан университеттері көбіне инженерлік-техникалық мамандықтарға қабылданған өтінімдерді барынша қолдайтынын атап өтті.
Кездесу соңында Орталық Басқармасының төрағасы Адиль Кусманов мажар тарапына тұрақты әрі сындарлы серіктестік үшін алғыс айтып, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ ол Орталықтың қазақстандық азаматтардың Stipendium Hungaricum бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері туралы хабардар болуын арттыру бойынша күш-жігер салуын жалғастыратынын атап өтті.



