Жарияланған күні:
25 қазан – Республика күніне орай «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да мерекелік жиын өтті. Іс-шара еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің басты символына айналған мерекеге арналған рухты да әсерлі форматта ұйымдастырылды.
Жиынды Басқарма төрағасы Әділ Құсманов ашып, барша ұжымды айтулы күнмен құттықтады. Өз сөзінде ол:
«Республика күні – бұл біздің тәуелсіз ел ретінде қалыптасқан рухымыздың, елдік санамыздың және біртұтас болашағымыздың мерекесі. Қазақстанның интеллектуалды әлеуетін арттыруда, жас буынды әлемдік білім кеңістігіне шығару ісінде біздің Орталықтың атқарып отырған рөлі зор. Бұл – әрқайсыңыздың еңбегіңіздің нәтижесі. Біздің ортақ мақсатымыз – ел дамуына үлес қосатын білімді, жаңашыл, жауапкершілігі жоғары ұлт қалыптастыру», – деді.
Салтанатты жиын барысында Орталық қызметкерлерінің бір тобы кәсіби жетістіктері мен қоғамға сіңірген еңбегі үшін салалық және ведомстволық марапаттармен құрметтелді. Атап айтқанда, бірқатар қызметкерлер «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгілерімен, сондай-ақ «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ісінің үздігі», «Ғылым үздігі» Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сәйкесінше қызметкерлерге Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы мен Алғысы, сондай-ақ «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма Төрағасының Алғыс хаты табысталды.
Айта кетейік, Республика күніне орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Іс-шара барысында министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 16 жас ғалымға пәтер сертификаттарын табыстады. Сонымен қатар осы жиында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Құжат қабылдауды ұйымдастыру басқармасының басшысы Дина Омарова «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін министрдің қолынан алды.
Мерекелік жиын жылы атмосферада өтіп, қатысушылар Республика күніне арналған рухани серпін мен ортақ мақтаныш сезімін бөлісті.
Барша әріптестерімізді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!









