Жарияланған күні:
17 қазан күні Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі адами капиталдың дамуы» тақырыбында ғылыми семинар өтті.
Семинарға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қызметкерлер мен бір топ студенттер қауымы қатысты. Қатысушылардың қатарында құрметті қонақ ретінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Миратұлы Құсманов болды.
Өз сөзінде Әділ Құсманов Орталықтың қызметі, «Болашақ» бағдарламасы және «Ғылыми тағылымдамалар» жобасының мүмкіндіктері жөнінде баяндады. Ол жасанды интеллектіні (ЖИ) білім беру жүйесіне енгізудің маңыздылығына назар аударып, Мемлекет басшысының AI-Sana бағдарламасын іске асыру және орта білімге ЖИ технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасына тоқталды.
Сондай-ақ орталық басшысы «Болашақ» бағдарламасы аясында жасанды интеллект саласындағы мамандарға арналған арнайы квота бар екенін тілге тиек етіп, студенттерді осы бағыттағы құзыреттерін дамытуға шақырды.
«Бізге тек технологияны меңгеріп қана қоймай, оны қоғам игілігіне айналдыра алатын мамандар қажет. Сонымен бірге, цифрлық теңсіздік қаупін естен шығармау керек. Себебі жасанды интеллект артта қалғандарды орта деңгейге дейін жеткізуге мүмкіндік берсе де, жақсы дайындықтағы адамдар үшін даму үдерісін жеделдетеді», – деді Әділ Құсманов.
Кездесу барысында қатысушылар білім беру жүйесінің заманауи сын-тегеуріндері, жасанды интеллекттің еңбек нарығына әсері және адами капиталды дамыту жолдарын талқылады. Семинар ашық диалог, пікір алмасу және болашақтың жаңа көзқарастарын ортаға салу алаңына айналды.
Семинарда қатысушылар «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Ғылыми тағылымдамалар» және академиялық ұтқырлық жөнінде сұрақтар қойып, Халықаралық бағдарламалар орталығының бастамаларына ерекше қызығушылық танытты.
Айта кетейік, іс-шара экономика ғылымдарының докторы, профессор Дұғалова Гүлнар Нәжмиденқызының жетекшілігімен өтті.
Кездесудің стратегиялық мәні – жастардың жаһандық өзгерістерге бейімделу қабілетін арттыру, білім мен ғылым арқылы елдің интеллектуалдық әлеуетін нығайту. Мұндай іс-шаралар университет пен Халықаралық бағдарламалар орталығы арасындағы серіктестікті тереңдетіп, жас ұрпақтың кәсіби және азаматтық бағыт-бағдарын айқындай түседі.


